Леветирацетам Гриндекс (500 мг)
Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
ЛЕВЕТИРАЦЕТАМ ГРИНДЕКС
Халықаралық патенттелмеген атауы
Леветирацетам
Дәрілік түрі
Үлбірлі қабықпен қапталған 250 мг, 500 мг, 1000 мг таблеткалар
Құрамы
Бір таблетка құрамында
белсенді зат – 250 мг, 500 мг, 1000 мг леветирацетам
қосымша заттар: кросповидон, повидон, коллоидты сусыз кремнийдің қостотығы, магний стеараты
үлбірлі қабық:
250 мг таблеткалар: гипромеллоза, макрогол, титанның қостотығы (Е 171), тальк, индигокармин (Е 132), тазартылған су
500 мг таблеткалар: гипромеллоза, макрогол, титанның қостотығы (Е 171), тальк, темірдің сары тотығы (Е 172), тазартылған су
1000 мг таблеткалар: гипромеллоза, макрогол, титанның қостотығы (Е 171), тальк, тазартылған су
Сипаттамасы
250 мг таблеткалар
Сопақша пішінді, бір жағында сызығы бар көк түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.
500 мг таблеткалар
Сопақша пішінді, бір жағында сызығы бар сары түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.
1000 мг таблеткалар
Сопақша пішінді, бір жағында сызығы бар ақ түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Фармакологиялық қасиеттері
Сіңуі. Ішке қабылдаудан кейін леветирацетам асқазан-ішек жолынан тез сіңеді. Сіңуі толық және дозаға байланысты сипатта болады, бұл дене салмағына мг/кг өрнектелетін леветирацетамның қабылданған дозасы негізінде сарысуда препарат концентрациясын болжауға мүмкіндік береді. Сіңу дәрежесі дозаға және ас ішуге байланысты емес. Биожетімділігі 100% жуық құрайды. Сарысуда ең жоғары концентрациясына (Cmax) 1000 мг дозаны ішу арқылы қолданудан кейін 1,3 сағаттан соң жетеді және 31 мкг/мл құрайды; қайталама дозадан кейін – 43 мкг/мл. Тепе-тең күйіне 2 күн өткенде жетеді, концентрация 270 нг/мл құрайды; 5 мг дозасын қайталап қолданудан кейін – 308 нг/мл. Тұрақты концентрацияларына тәулігіне екі рет қолданғанда 2 күннен соң жетеді.
Таралуы. Леветирацетам мен оның негізгі метаболитінің қан плазмасы ақуыздарымен байланысу дәрежесі 10%-дан аз. Таралу көлемі (Vd) шамамен 0,5-0,7 л/кг құрайды.
Метаболизмі. Негізгі, фармакологиялық белсенді емес метаболит (ucb L057) түзілуі Р450 бауыр цитохромының қатысуынсыз жүреді. Леветирацетам гепатоциттердің ферменттік белсенділігіне ықпал етпейді.
Шығарылуы. Жартылай шығарылу кезеңі (T½) ересектерде 7 ± 1 сағат құрайды және енгізу тәсілі мен қолдану режиміне байланысты емес. Орташа жүйелік клиренсі 0,96 мл/мин/кг құрайды. Препарат 95% бүйрекпен шығарылады. Леветирацетам мен оның метаболитінің бүйректік клиренсі тиісінше 0,6 және 4,2 мл/мин/кг тең.
Егде жастағы пациенттерде T½ 10-11 сағатқа дейін 40% ұзарады, бұл осы топ пациенттерінде бүйрек функциясының нашарлауымен байланысты.
Бүйрек функциясының бұзылулары бар пациенттерде леветирацетам мен оның негізгі метаболитінің клиренсі креатинин клиренсімен өзара байланысты. Сондықтан бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге дозаны креатинин клиренсіне сәйкес таңдау ұсынылады. Терминалдық сатыдағы бүйрек жеткіліксіздігі бар ересектерде T½ диализ сеанстары арасындағы кезеңде 25 сағат және диализ кезінде 3,1 сағат құрайды. Диализдің 4 сағаттық сеансында леветирацитам 51% дейін шығарылады.
Бауыр функциясының әлсіз немесе орташа бұзылулары бар пациенттерде леветирацетам клиренсінің елеулі өзгерістері байқалмайды. Көптеген жағдайларда бауыр функциясының ауыр бұзылуларында және қатар жүретін бүйрек жеткіліксіздігінде леветирацетам клиренсі негізінен бүйрек клиренсінің нашарлауы салдарынан 50% төмендейді. Сондықтан креатинин клиренсі < 60 мл/мин/1,73м2 пациенттерге тәуліктік демеуші дозаны 50% төмендету ұсынылады.
Леветирацетам құрылымы бойынша эпилепсияға қарсы белгілі препараттардан ерекшеленетін пирролидон (α-этил-2-оксо-1-пирролидинацетамид S-энантиомері) туындысы түрінде болады. Леветирацетамның әсер ету механизмі толық зерттелмеген, бірақ қолданыстағы эпилепсияға қарсы дәрілердің әсер ету механизмдерінен анық ерекшеленеді. Іn vitro және in vivo зерттеулер деректері леветирацетамның негізгі жасушалық сипаттамаларға және қалыпты нейротрансмиссияға әсер етпейтінін болжауға мүмкіндік береді.
Іn vitro зерттеулерінде леветирацетамның N-тип өзектері арқылы Ca2+ ағымын ішінара бөгеумен және ішкі нейрон деполарынан кальцийдің босап шығуын бәсеңдетумен, нейрондардағы Ca2+ иондарының концентрациясына әсер ететіні көрсетілген. Бұдан бөлек, леветирацетам мырыш және β-карболиндер әсерімен бәсеңдеген ГАМҚ және глицинге тәуелді арналар арқылы ішінара ағымды қалпына келтіреді.
Болжамды әсер ету механизмдерінің бірі ми мен жұлынның сұр затында болатын SV2A синапстық везикулалар гликопротеинімен қосылуының дәлелді байланысуына негізделген. Нейрон белсенділігінің гиперсинхрондалуын болдырмаумен көріністелетін құрысуға қарсы әсер болжамды түрде осылай түсіндіріледі. Бұдан бөлек, леветирацетам оларды әртүрлі эндогенді қосылыстар арқылы үлгілеп, ГАМҚ және глицин рецепторларына әсер етеді. Леветирацетам қалыпты нейротрансмиссияға әсер етпейді, бірақ ГАМҚ бикукуллин агонисімен индукцияланатын эпилепсия түріндегі нейрондық өршулерді, сондай-ақ глутамат рецепторларының қозуын бәсеңдетеді. Препараттың белсенділігі әрі фокальді, әрі жайылған эпилепсия ұстамаларына қатысты дәлелденген (эпилепсия түріндегі көріністер/фотопароксизмалық реакция).
Қолданылуы
Монотерапия ретінде (таңдау препараты) төмендегілерді емдеуде:
алғаш диагностикаланған эпилепсиясы бар ересектерде екінші қайтара жайылумен немесе онсыз парциальді ұстамалар
Қосымша ем ретінде төмендегілерді емдеуде:
эпилепсиясы бар ересектерде екінші қайтара жайылумен немесе онсыз парциальді ұстамалар;
миоклонустық эпилепсиясы бар ересектерде миоклонустық құрысулар;
идиопатиялық жайылған эпилепсиясы бар ересектерде бастапқы-жайылған (тонус-клонустық) ұстамалар.
Қолдану тәсілі және дозалары
Препарат ас ішуге байланыссыз ішу арқылы қабылданады. Тәуліктік дозаны екі бірдей қабылдауға бөледі. Таблеткаларды жеткілікті мөлшердегі сұйықтықпен ішеді.
Ересектерді емдеуді екі қабылдауға бөлінген 500 мг тәуліктік дозадан бастайды (күніне 2 рет ½ таблеткадан 500 мг). 2 апта өткенде дозаны 1000 мг бастапқы емдік дозаға дейін арттыруға болады (тәулігіне екі рет 500 мг). Ең жоғары тәуліктік доза 3000 мг (тәулігіне екі рет 1500 мг) құрайды.
Дене салмағы 50 кг-ден көп ересектерге емді екі қабылдауға бөлінген (тәулігіне екі рет 500 мг) 1000 мг тәуліктік дозадан бастау керек. Клиникалық реакцияға және препараттың жағымдылығына қарай, дозаны ең жоғары 3000 мг (тәулігіне екі рет 1500 мг) дозаға дейін арттыруға болады. Дозаны әр 2-4 апта сайын күніне екі рет 500 мг мөлшеріне түзетуге болады.
Леветирацетам бүйрекпен шығарылатындықтан, бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге және егде жастағы адамдарға креатинин клиренсіне қарай дозаны таңдау қажет.
Креатинин клиренсін (КК) ерлерде келесі формула бойынша сарысудағы креатинин концентрациясы негізінде есептеуге болады:
[140 – жас (жыл)] × дене салмағы (кг)
КК (мл/мин) = ----------------------------------------------------
72 × сарысулық КК (мг/дл)
Креатинин клиренсі әйелдерде алынған мәнді 0,85-ке көбейту арқылы есептеледі.
Дене беткейі ауданына (ДБА) түзету келесі формула бойынша жүргізіледі:
КК (мл/мин)
КК (мл/мин/1,73 м²) = --------------------------x 1.73
пациент ДБА (м²)
Бүйрек жеткіліксіздігі |
КК (мл/мин) |
Дозалау сызбасы |
Қалыпты бүйрек функциясы |
> 80 |
500-1500 мг күніне екі рет |
Жасырын |
50-79 |
500-1000 мг күніне екі рет |
компенсацияланған |
30-49 |
250-750 мг күніне екі рет |
аралық |
< 30 |
250-500 мг күніне екі рет |
Соңғы сатысы – диализдегі пациенттер* |
< 10 |
500-1000 мг күніне бір рет** |
* Емдеудің бірінші күні 750 мг қанығу дозасын қабылдау ұсынылады
** Диализден кейін 250-500 мг қосымша дозаны қабылдау ұсынылады.
Бауыр функциясының әлсіз және орташа бұзылуларында дозаны түзету қажет емес. Бауыр функциясының бұзылулары ауыр пациенттерде креатинин клиренсінің төмендеуі бүйрек функциясының бұзылу дәрежесін толық шамада көріністей алмайды. Сондықтан креатинин клиренсі < 60 мл/мин/1,73 м2 пациенттерге тәуліктік дозаны 50% азайту ұсынылады.
Жағымсыз әсерлері
Өте жиі (> 1/10)
- шаршау/ұйқышылдық, астения
Жиі ( ≥1/100 - <1/10)
- тромбоцитопения
- іштің ауыруы, диарея, диспепсия, жүрек айну, құсу
- амнезия, атаксия, құрысулар, бас айналу, бас ауыру, гиперкинезия, тремор, тепе-теңдік бұзылуы, зейін бұзылысы, есте сақтау бұзылуы
- озбырлық, қозу, депрессия, эмоциялық құбылу/көңіл-күйдің өзгеруі, жауығу, ұйқысыздық, ашушаңдық, күйгелектік, тұлғалық бұзылыс, патологиялық ойлау
- анорексия, дене салмағының артуы
Анорексия қаупі леветирацетам мен топирамат қатарлас қолданылғанда артады.
- вертиго
- диплопия, көрудің бұлыңғырлануы
- миалгия
- кездейсоқ жарақаттар
- инфекциялар, назофарингит
- жөтелдің күшеюі
- экзема, қышыну, бөртпе
Постмаркетингтік кезең:
- лейкопения, нейтропения, панцитопения (кейбір жағдайларда сүйек кемігінің бәсеңдеуімен).
- аномальді мінез-құлық, ызалану, үрейлену, сананың шатасуы, елестеулер, психикалық бұзылыстар, суицид, суицид әрекеттері және суицидтік ойлар
- парестезия, хореоатетоз, дискинезия
- уытты эпидермалық некролиз, Стивенс-Джонсон синдромы, мультиформалы эритема, алопеция; бірқатар жағдайларда алопеция леветирацетамды тоқтатудан кейін басылған
- панкреатит
- гепатит, бауыр жеткіліксіздігі
- бауыр сынамаларының патологиялық нәтижелері, салмақ жоғалту
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- леветирацетамға, пирролидонның басқа туындыларына немесе препараттың кез келген компонентіне аса жоғары сезімталдық;
- балаларға арналған дәрілік заттарда қолдануға тыйым салынған бояғыштар болуына байланысты балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Леветирацетам эпилепсияға қарсы препараттармен (фенитоин, карбамазепин, вальпрой қышқылы, фенобарбитал, ламотриджин, габапентин және примидон) өзара әрекеттесуге түспейді.
Леветирацетам 1000 мг тәуліктік дозада ішуге арналған контрацептивтер (этинилэстрадиол және левоноргестрел) фармакокинетикасына әсер етпейді.
Леветирацетам 2000 мг тәуліктік дозада дигоксин мен варфарин фармакокинетикасына әсер етпейді.
Дигоксин, ішуге арналған контрацептивтер және варфарин леветирацетам фармакокинетикасына әсер етпейді.
Леветирацетам мен топираматты қатарлас қолдану анорексия ықтималдығын арттырады.
Тәулігіне төрт рет 500 мг қолданғанда пробенецид (ренальді өзекшелік секреция блокаторы) леветирацетамның өзінің емес, бастапқы метаболитінің бүйрек клиренсін тежейді. Белсенді тубулярлы секреция арқылы экскрецияланатын басқа дәрілік заттар да метаболиттің ренальді клиренсін төмендетуі мүмкін екені күтіледі. Леветирацетамның пробенецидтің және қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер, сульфонамидтер, метотрексат сияқты белсенді секрецияланатын басқа препараттар фармакокинетикасына ықпалы зерттелмеген.
Ас ішу леветирацетам сіңу дәрежесіне ықпал етпейді, алайда сіңу жылдамдығы біршама баяулайды. Антацидтердің леветирацетам сіңуіне әсер ету деректері жоқ.
Алкогольмен өзара әрекеттесу деректері жоқ.
Айрықша нұсқаулар
Препаратты тоқтату қажет болса, оны біртіндеп (бір реттік дозаны әр 2-4 апта сайын 500 мг төмендетіп) жүзеге асыру қажет. Эпилепсияға қарсы қатарлас препараттар қолдануды (пациенттерді леветирацетамға көшіргенде) біртіндеп тоқтату керек.
Бүйрек функциясының бұзылуларында дозаны түзету қажет болуы мүмкін. Бауыр функциясының бұзылулары ауыр пациенттерде препарат дозасын тағайындар алдында бүйрек функциясын бағалау ұсынылады.
Леветирацетам қолдану аясында суицид жағдайлары, суицидтік ниеттер мен суицид әрекеттері туралы алынған хабарламалар бойынша пациенттерге қандай да бір депрессия немесе суицидтік ниет симптомдарының пайда болуы жөнінде емдеуші дәрігерге хабарлау қажеттілігін ескерту керек.
Жүктілік кезеңінде препарат қауіпсіздігіне тиісінше мұқият бақыланатын клиникалық зерттеулер жүргізілмеген, сондықтан жүктілік кезеңінде леветирацетам аса қажеттілік жағдайында ғана қолданылу керек.
Жүктілік кезеңінде әйел организмінде болатын физиологиялық өзгерістер леветирацетам мен эпилепсияға қарсы басқа препараттардың сарысулық концентрацияларына ықпал етуі мүмкін. Жүктілік кезеңінде сарысуда үшінші триместрде көбірек білінетін (бастапқы концентрациядан 60% дейін) леветирацетам концентрациясының төмендеуі білінді. Жүкті әйелдерде леветирацетам қатаң бақылаумен қолданылу керек. Эпилепсияға қарсы дәрілермен емдеу кезіндегі үзілістер аурудың өршуіне әкелуі мүмкін, ол ана мен шарана денсаулығына зиян келтіруі мүмкін.
Леветирацетам емшек сүтіне экскрецияланады. Емделу кезеңінде бала емізуге кеңес берілмейді.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Леветирацетамның автокөлік басқару немесе механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне әсері арнайы зерттелмеген. Алайда, орталық жүйке жүйесі тарапынан болатын препаратқа әртүрлі жеке сезімталдықпен байланысты, емделу кезеңінде автокөлік басқарудан және ерекше мұқият болуды және психомоторлық реакция шапшаңдығын талап етуі мүмкін қауіпті жұмыстардан бас тарту керек.
Артық дозалануы
Симптомдары: ұйқышылдық, қозу, озбырлық, сананың көмескіленуі, тыныстың тарылуы, кома.
Жедел кезеңде емдеу – жасанды құстыру және асқазанды шаю, артынан белсендірілген көмір қолдану. Леветирацетам үшін арнайы антидот жоқ. Қажет болғанда, клиникада гемодиализ қолданылатын (леветирацетам үшін диализ тиімділігі – 60%, оның негізгі метаболиті үшін – 74%) симптоматикалық ем қамтамасыз етіледі.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Поливинилиденхлоридті жабыны бар поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 10 таблеткадан салады.
250 мг және 1000 мг таблеткалар: пішінді ұяшықты 3 қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.
500 мг таблеткалар: пішінді ұяшықты 3 немесе 6 қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.
Сақтау шарттары
30 °С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл.
Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Ронтис Хеллас Медикал энд Фармасьютикал Продактс С.А.
Пошта жәшігі 3012, Лариса Индастриал Ареа, Лариса 41004, Греция
Тіркеу куәлігі иесінің атауы және елі
«Гриндекс» АҚ, Латвия
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын, дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның мекенжайы
«Гриндекс» АҚ өкілдігі
050010, Алматы қ., Достық д-лы, Бөгенбай батыр к-сі бұрышы, 34а/87а үй, №1 кеңсе
т./ф. 291-88-77, 291-13-84
эл. пошта: grindeks.asia.kz@mail.ru